Эрманно Визинтайнер университет ұжымы мен студенттерінің алдында Қожа Ахмет Яссауидың шығармашылық мұрасы жөнінде дәріс оқыды. Ғалым өзінің ғылыми-зерттеу жұмысы аясында аталмыш оқу орнының оқытушы-профессорлары құрамымен әріптестік байланысын жан-жақты дамытуды қалайтынын жеткізді.
Ұлтаралық келісім мәселелерін зерттеумен айналысатын Э. Визинтайнер: «Қазақстанның бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің ішінен бірінші болып ЕҚЫҰ төрағалығына қол жеткізуі көп ұлтты ел үшін үлкен саяси жетістік», - деп айрықша атап көрсетті. Сондай-ақ ол халқының басым бөлігі мұсылмандар бола тұрып, ЕҚЫҰ сынды халықаралық ұйымға төрағалық ету мүміндігін иеленген бірінші мемлекет ретінде Қазақстанды ерекше бағалады.
Кездесу барысында студенттер мен ұстаздар қауымы ұлы дала ойшылы Қожа Ахмет Яссауидың өнегелі өмірі мен фәлсафалық еңбектерінің әлемдік кеңістіктегі құндылығы мен маңыздылығы жайлы ауқымды мәлімет алып, рухани-тәрбиелік мәні зор игі шараның куәсі болды.
Эрманно Визинтайнер қазақ халқына таныстырғалы келген кітабына сілтеме жасай отырып, ойларын 3 маңызды өлшеуіш негізінде өрбіткендігін жеткізді. Атап айтқанда, автор тарихи, аңыздық, әдеби өлшеуіштерді айқындай отыра зерттеулер жүргізіп, Яссауи тұлғасымен тығыз байланыста болатын аңыздық өлшеуішке баса назар аударған.
«Ахмет Яссауидың арқасында сопылық бағыт қомақты фәлсафалық жүйе ретінде түркі халықтарының тыныс-тіршілігінде, рухани дүниетанымында айрықша маңызға ие болып, Шығыс және Ислам діні фәлсафасының тұнығынан сусындауына септігін тигізді»-деді Э. Визинтайнер.
Италияндық ғалым еңбегінде Яссауидың еңбектерін жан-жақты зерттей отырып, Ислам дінінің бүгінгі ақуалын көрсетеді.
ҚР-дағы Италия Елшілігінің қолдауымен 2010 жылы жарыққа шыққан бұл кітап Ислам дініне деген бұрмаланған көзқарасты айтарлықтай өзгертіп, жаңа да әділетті бетбұрысқа негіз болып, Ислам кеңістігінің кеңеюіне сара жол салу мақсатын көздейді.