деп хабарлады ҚР Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі.
Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың VIII Республикалық конкурсы еліміздегі дәстүрлі әндерді насихаттауға арналған және ұйымдастыруы, қойылымы жағынан елеулі мәдени шара болып есептеледі. Жас дарынды орындаушылар қазіргі кезде дәстүрлі ән айтуға үлкен көңіл аударуда және осы өнер түрінің биік шыңына шығам деушілер де аз емес. Сондықтан жыл сайын Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылар конкурсы көптеген талант иелерін жинайды. Байқау нәтижелерінен кейін жас әншілердің шеберлік деңгейі көтеріліп, Отандық сахнадан өз орнын тапқандар да аз емес.
Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен 16-дан 35 жасқа дейінгі жас әншілер жиналған. Қатысушылар халық әншілері мен композиторларының әндерін орындауы тиіс, сондай-ақ Әміренің өзінің әндерін, қазіргі композиторлардың шығармаларын домбыра, қыл қобызбен тағы да басқа қазақ аспаптарымен сүйемелдеп орындауы қажет. Ереже бойынша қатысушы конкурстың әр кезеңінде төрттен аса ән айтуы керек. Жалпы конкурс үш кезеңнен тұрады.
Әміре Қашаубаев - еліміздің мәдени және тарихи болмысындағы ірі тұлға екеніне күмән жоқ. Замандастары оның ерекше талантымен қатар ешкімге ұқсамас актерлік қасиеті және де вокалдық шеберлігін атап өткен. Халық әндерін орындау Әміре Қашаубаевқа жаратылысымен табиғаттан берілген сыйлық сынды. Оның орындауындағы «Қызыл бидай», «Үш дос», «Жонып алды», «Ардақ», «Келіншек», «Қанапия», «Қорлан» әндері қазақ елінің рухани байлығы мол және өнерлі мекен екендігін айқын көрсетеді. Әміре шабыттанғанда «Жалғыз арша», «Ағаш аяқ» «Балқадиша», «Дударай» әндерімен ел-жұртын тамсандырған.
Еуропаға Қазақ әндерін паш еткендер қатарында Әміре Қашаубаев та бар. Ол алғашқы болып ата-бабамыздан келе жатқан мұра - халық әндерін Батыс сахналарында орындаған. Мәскеу, Париж, Майындағы-Франкфурт қалаларында жиналған өнер сүйер қауым Әміре арқылы қазақ даласының қуанышы мен қайғысын, өмірі мен болмысын, табиғатын, салтын сезінген. Еуропа қазақ баласының дауысы мен талантына бас иіп, Ұлы даланы жаңа қырынан таныған.
Аталмыш мәдени шараның басты бағыты - дарынды жастардың шеберлігін ұштау, қазақ халқының әндерін, шығармашылығын насихаттау, Ұлы даланың өнерлі тұлғасы Әміре Қашаубаевтың есімін ардақтау, сонымен қатар конкурс өсіп келе жатқан жас буынның рухани жан-дүниесін тәрбиелеуді мақсат тұтады.