Астанада "Антикибер" іс-шарасының барысында 15 мың данадан астам контрафакт өнім тәркіленді

Шара ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестің тиімділігін арттыруға, контрафакт өнімдердің жеткізілу арнасын анықтауға бағытталды. Операция Астана қалалық әділет және кедендік бақылау департаменті қызметкерлерімен ықпалдастық негізінде жүргізілді.

""Антикибер"шұғыл алдын алу іс-шарасының барысында ақпараттық технологиялар саласындағы 35 қылмыс пен заң бұзушылықтар анықталып, 3 қылмыстық іс қозғалды. 15491 дана контрафакт өнім тәркіленіп, оперативтік қызметкерлер лицензиясыз өнімдердің 5 қоймасын анықтады", -деп хабарлайды ІІД.

Қаладағы базарларда аудиобейне өнімдерді сатумен айналысып жүрген шетел азаматтарының Қазақстан аумағына келу ережелерін бұзу оқиғалары анықталды.

Сонымен бірге, "Антикибер" шарасының барысында ІІД-нің криминалдық полициясы қызметкерлері "Бақылаудағы сауда" атты 3 шұғыл іздестіру шарасын жүргізіп, оның нәтижесінде ұялы телефондарға зорлық-зомбылық пен қатыгездікті насихаттайтын клиптерді көшірумен және лицензиясы жоқ бағдарламалық қамтамасыздықтарды орнатумен шұғылданатын 3 адам ұсталды.