«Менің өлеңдерімнің басты тақырыбы адам мен жаратылыстың арасындағы байланыс. Адам табиғатының өзгерісі, ана мен баланың байланысы», дейді ақын.
Ақынның туып-өскен жері Семей өңірі болғандықтан, полигонның зардабын көрген аналардың, сал боп туған балалардың денсаулығы туралы А. Мұхаметқалиқызының «Құрсақсыз ана» атты поэмасы жазылған. Бір әйелдің тағдырына негізделген поэма әдебиет әлеміне әкелген тың дүние деп бағалануда.
Астанаға келгеннен кейін А. Мұхаметқалиқызы «Кіндік тамыр» кесек шығармасы басылып, оқырманға жол тартты. Ақынның айтуынша, кез келген адамның туған жерінде кіндік тамыры жерге байлануы керек. «Туындының негізгі ойы қазір кіндік қаны жерге тамбаған тамырсыз ұрпақ тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба дегенге саяды», дейді шығарма авторы.
Ақынның айтуынша, оның жастайыннан жастанып оқитын, пір тұтатын ақыны қазақтың классигі Абай бабамыз болып табылады. Сонымен қатар лириканың патшасы атанған Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, ақын қыздардың басында тұрған Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтқожина сынды сөз тарландарының шығармашылығы да ақын көңіліне алабөтен емес.
«Ақын болу - ол қайраткерлік. Қоғамның, халықтың, оқырмандардың ойын дөп тауып, шығармасында көрініс беруі қажет. Кез келген оқырман өзінің оқып отырған дүниесінен өзін тауып алуы керек. Ақынның шеберлігі сонда болса керек», дейді А. Мұхаметқалиқызы.
Бүгінгі кешке елорданың ақын-жазушылары мен А. Мұхаметқалиқызының шығармашылығына қызығушылық танытқан көп жас жеткіншек келді. «Донор мен тек», «Құрсақсыз ана», «Кіндік тамыр», «Алтынның буы», «Шәкәрім» атты 5 поэмадан шағын-шағын үзінділер оқылды.
Ақынның айтуынша, «бір бөтен ойым бар» деп отырғаны осы 5 дастанда баяндалған.
А. Мұхаметқалиқызының тұңғыш жыр жинағы 1999 жылы «Жансая» атты басылып шыққан. 2002 жылы «Жыр-ғұмыр» атты екінші жинағы жарық көрді.