Десек те, алғашқы күндегідей аса қатты айғай-шу жоқ. Бірақ адам қарасы қалың. Жұрт халыққа қызмет көрсету орталығының есігі ашылған бойда топырлап ішке кіріп талон алуға жанталасып жатыр. Сөйтіп электрондық кезекке тұруы тиіс. Бірақ құжатын бірінші болып тапсырғандар емес, бала саны, некеге отырған жылы, Елордалық тіркеуі мен жалақы көлемі бойынша жоғары балл жинағандар ғана пәтерлі болады. Үш күн ішінде екі мыңнан астам жас шаңырақ құжаттарын тапсырып үлгеріпті. Алайда жалға берілетін арзан пәтердің саны 672 ғана.
Гүлмира Бәбенова, Астана қалалық халыққа қызмет көрсету орталығының директоры:
- Халыққа қызмет көрсету орталығының есігін ешкім сындырған жоқ. Дүрбелеңді туғызып отырған адамдардың өздері. Қазір полиция жасағы тыныштықты күзетіп тұр. Бірақ халықтан да мәдениетті болуды сұраймыз. Құжат 14 маусымға дейін қабылданады. Барлығы үлгереді.