Астанада Аяз атаға алданған балалар жылап қалды

Кішкентай Валерия міне осымен екінші күн асыға күткен аяз атасына жаттаған тақпағын айта алмай жүр. Өйткені, жаңа жылдық кештің ұйымдастырушылары жалғыз Валерияны емес, барлық балаларды алдап соққан екен. Алаяқ Аяз ата 200-ге жуық ата-ананың әрқайсысынан 9 мыңнан жинап алып, қарасын батырған.

Меруерт Шәкенова, Астана қаласының тұрғыны:

 -Бәріміз алданып қалдық. Таңертең жаңа жылдық кеш өтуі керек еді. Барлығы енді соны күтіп тұр. Бірақ ешкім жоқ.

Ерекше шоу болады дегенге сеніп ата-аналар шығындалып небір киім тіктірткен. Алданғандарын сезген балалар қуанып күлудің орнына еңкілдеп жылап жатыр. Бүгін олар үшін аяз ата мен ақшақар келіп, ертегі әлемінің кейіпкерлері естен кетпес қойылымдарын қою керек еді.

Маржан Молдыбаева, Астана қаласының тұрғыны:

-Менің балам жылап жатыр. Мама сен мені күшті жаңа жылға апарамын деп айттың деп қоймайды. Оның үстіне мектеп кешіне барған жоқпыз.

Балаларды жылатқан «magic holiday» деп аталатын мереке ұйымдастыру орталығы екен. Ата-ана мен бүлдіршіндерге өтірік билет сатқандар, тіпті жаңа жылға жалға алған ғимарат қожайынына да бір тиын төлемеген болып шықты.

-Ұл-қызына ерекше тосын сый жасаймыз деп алданып қалған ата-аналар полицияға арыз жазып қойды. Қазір Жаңа жылдық кеш ұйымдастырушыларын тәртіп сақшылары іздеп жатыр. Ал бұл күн мәңгі естерінде қалған балалар енді Аяз ата мен Ақша қарға мүлдем сенуді қойған. 

Loading...