Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауды өткізу арқылы - «жеткіншектер ел табалдырығын аттағалы отырған 7-қысқы Азия ойындары туралы не біледі?», «Азиада ойындары оларға қаншалықты таныс және оны қалай елестетеді, көзқарастары қандай?» секілді сауалдарға жауап алып, бұқаралық спортты жастар арасында насихаттау мақсатын тұтты.
Байқауға Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Жамбыл, Ақмола, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан барлығы 200-ден астам жұмыс келіп түсті.
Жеңімпаздар «ең үздік сурет», «ең үздік коллаж» және «ең үздік кәдесый» аталымдары бойынша таңдап алынды. Нәтижесінде І, ІІ және ІІІ орындар бойынша 24 жүлделі орын және түрлі аталымдар бойынша 16 жеңімпаз анықталды.
«Ең үздік сурет» аталымында бірінші орынды Ясмина Иштаева (Тараз) мен Тамила Халидова (Павлодар) бөлісті, «ең үздік коллаж» аталымында - Қостанай облысының ұжымы мен Алина Разаева (Астана) жеңімпаздар атанды. Ал «ең үздік кәдесый» аталымының бас сыйлығы Бибіфатима Тасымова (Ақмола) мен Михаил Лещинскийге (Астана) бұйырды.
«Жеңімпаздарды таңдау қиынға соқты. Біз балаларымыздың қиялының шексіз екендігіне тағы бір көз жеткіздік. Байқауға бисер, саз балшық, былғары, қағаз, мата, табиғи және басқа да материалдардан жасалған шығармашылық жұмыстар келіп түсті», - дейді қазылар алқасының төрайымы, М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының директоры Валентина Рябова.
Жеңімпаз балалар естелік сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. 7-қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитеті атқарушы дирекциясы ең үздік жұмыстарды Азиада барысында ұйымдастырылатын көрмелерге қоятын болады.