Астанада «Азиаданың кішкентай аруы - 2011» және «Азиаданың кішкентай сұлтаны - 2011» сұлулық байқаулары өтті

Байқауға алдын ала іріктеуден өткен 100 бүлдіршіннің 25-і қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақтық мәреде өнер көрсеткен 4 пен 12 жас аралығындағы балалар үш ай бойы сахнада мәнерлеп жүру мен актерлік шеберліктерді үйренді. Байқау барысында олар өздерінің ән мен бидегі талаптарын, сондай-ақ кешкі киім үлгілерін көрсетті.

Қазылар алқасының шешімімен Азиаданың кішкентай аруы атағын 5 жасар Нұрай Сұлтан, ал Азиаданың кішкентай сұлтаны атағын 12 жасар Сұлтан-әлі Нұрманов иеленді. «Азиаданың балғын аруы» аталымы бойынша тағы бір жүлде 8 жасар Карина Мұрзабековаға берілді.

Барлық жеңімпаздар Азиаданың Ұйымдастыру комитетінен, «ADIDAS» фирмасы мен «MEGA» Орталығынан естелік кәдесыйлар, сондай-ақ «Бекзат арулардың имидж студиясы» атынан 600 мың теңгеге сертификаттар алды.

Іс-шара 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өтетін 7-нші Қысқы Азия ойындарын көпшілікке насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.