Олар қолдарына Елбасының суретін ұстап алған. Мұндай әрекеттің көмегімен олар мемлекет басшысының тікелей қабылдауында болмақшы.
Наразылық шарасына қатысушылардың бірі - Валерий Карпусевичтің айтуынша, олар "туыстарына қатысты қылмыстық істерді әділдікпен қарап, сот шешімдерін қайтадан саралауды көп жылдан бері талап етіп келеді". Наразылық шарасына қатысушылар аудандық соттан бастап ҚР Жоғарғы сотына дейін барлық сатылы соттардың есігін тоздырып шыққан. Бас прокуратура мен президент әкімшілігінің көмегіне де талай мәрте жүгінген. Алайда, В.Карпусевичтің айтуынша, олардың арыз-өтініштері аяқ асты етіліп келді. "ҚР президенті әкімшілігінің жанындағы азаматтардың арыз-өтініштерін қарау жөніндегі комиссия тауқыметтің байыбына түбегейлі бармай, заңнамалар мен Конституцияның сан мәрте бұзылғанын қаперіне де алмай, өтініштерді атүсті қарап шығумен ғана шектеледі",- деді ол.
2005-жылдың 1-мамырында бұл топ арыз-шағымдарын Елбасының тікелей өз қолына табыс етуге мүмкіндік тапты. Ал қазір олар президенттің әкімшілігі оны қарамай тастай ма деп қауіптенеді.
Шараға қатысушылар бұл әрекетті "өз арыз-шағымдары ел заңнамалары аясында қаралғанға дейін" жалғастыра бермекші,- деді В.Карпусевич. Оның айтуынша, 10-мамырға белгіленген кезекті шараға 40-тай адам қатысады.