Астанада бір жыл бойы жалақы көрмеген құрылыс компаниясының жұмысшылары бас көтерді

Бұл 8 айдан бері ақша көрмеген ашулы топ. Бүгін олар қарызын бермей қан қақсатқан құрылыс компаниясының кеңсесіне басып кірмек болды. Тек басшыны емес, мекеме заңгерін тапты орнынан. Сөйтсе, оның да жағдайы мәз емес екен. Бір жылдан бері аш отырғанын айтып көппен қосыла күйінді.  

Арман Сұлтанбаев, «Нұржас» Концерн» ЖШС заңгері:

- Тамыздан бері айлық алмай отырмыз.

- Заңгер де ме?

- Иа,  мен де алмадым..

Жалақысыз қалған жұмысшылар биыл мамыр айында Астананың шетінен салынған әскери бас штабтың құрылысын аяқтаған. Тапсырыс беруші Қорғаныс министрлігі қажетті қаржыны уақытылы аударғанымен түрлі сылтау айтып жағдайды ушықтырып отырған құрылыс фирмасы екен. Енді Астанаға нәпақа іздеп келгендер теңгенің түрін ұмытып қалғанын айтып ашынады.

Тамара Елеш, жұмысшы:

- Сонау Шымкенттен келдім. Қора болып жатқан жерді жөндеп бердік. Енді біздің бала-шағамызға нан керек, тамақ керек, пәтеріміз бар, оған төлеу керек. Жұма күні кел, сәрсенбі күні кел деумен 9 айдан асты, ақшамызды ала алмай жүрміз.


Ғабит Тұрсынбетов, жұмысшы:

- Бұл фирма тендерді «Астана связь строй» компаниясы арқылы жеңіп алып, жұмысшылармен келісімге «Нұржас» арқылы отырған. Осыған қарап мұның бәрі арнайы ұйымдастырылған деп ойлаймыз.

Күзетшілер «басшылар жоқ» деп бір сағат бойы жуытпағанымен ашынған жұрттың ашуынан сескенді ме, аяқ астынан директордың орынбасары пайда болды. Жауабы да жаттанды. 4 млн.теңге қарыздарыңды келесі апта қайтарамыз деп ант су ішті.

Ағыбай Әбілдинов, «Нұржас» Концерн» ЖШС директорының орынбасары:

- Еңбекақылары бар. Сәрсенбі күні ақша түседі, түгел береміз сол күні. Бермесек, техника көп бізде. Соны өткізіп болса да төлейміз.

Жұмысшылар құрғақ уәдеге күмәнданса да сәрсенбіге дейін күтуге бел байлап тарқасты. Тек басшылықтың бұл сөзі айтқан жерінде қалса, ендігі наразылықтың бұдан да қатты болатынын ескертті.