Бұл түн ішінде «Артем» базарында болған жаппай төбелес. Бір біріне жұдырық ала жүгіргендер, полицияның жағасына жармасып жатыр. Сондықтан қосымша күш шақыртылып, шекіскендерді Ұлан гвардиясы мен арнайы жасақтың сарбаздары сабасына түсіруге тырысты. Тіпті көшелерді жабуға да тура келген. Жанжалға себепкер болған мүгедек әйел де төбелесті жылап тоқтата алмай жүр.
-Қойыңдаршы, өтінемі. Доғарыңдар!
Жаға жыртысқандардың маңайында жайдан жай жүргендер де оңбай таяқ жеген. Тіпті, аяғы ауыр келіншек те, зардап шегіп, дәрігердің көмегіне жүгініпті.Ал,кадрдегі мына қыз қатты соққыдан есінен танып, қасындағылары ұстап тұр.
-Жедел жәрдем шақырыңдар. Тез!
Куәгерлердің айтуынша, жаппай тәртіпсіздік – базар күзетшілерінің дөрекілігінен басталыпты. Олар үш баласымен қайыр сұрап жүрген келіншекті балағаттап, базар ішіне кіргізбей қуып шыққан. Тіпті арбасымен қоса жолға итеріп жіберіпті. Саудагерлер мен көшедегі адамдар мүгедек әйелге араша түсіп, айқайдың арты қан жоса төбелеске ұласқан.
-Әрі тұрыңдар! Кетіңдер!
Ал, сұмдық шатаққа қарамастан базар бүгін жұмыс істеп тұр. Төбелес мүлдем болмағандай. Тек, түннен бері тәртіп сақшылары маңайды күзетіп жүр. Полицейлер қол жайып қайыр тілегендерді көлікке тиеп бөлімшеге әкетіп жатыр.
Қазір төбелеске қатысы бар деген күдікпен 18 адам қамауға алынып тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ, базардың күзетшілері де қызметін асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.
Софья Қуанышбекова, Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы:
-Олар әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін. Ал, бұзақылық жасау фактісі бойынша тергеу амалдары жүріп тергеліп жатыр.
Бұл «Артемнан» шыққан алғашқы шу емес. Бірнеше жыл бұрын да базар күзетшілерінің басы дауға қалған. Әсіресе әкесіндей адамға аяқ көтерген мына әйелдердің әрекеті жұрттың жағасын ұстатқан болатын. Күзетші қыздар сол кезде жазадан сытылып кеткен екен.
Loading...