Фестиваль «Қазақстан» орталық концерт залында cағат 19 00 де басталады. Бұл ірі жобада радиотыңдаушы және кәсіби мамандар анықтаған үздік әндердің орындаушылары өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Фестивальға Қазақстан, Түркия, Ресей, Қытай, Қырғызстан мемлекеттерінен өнер жұлдыздары қатысады.
Бұл туралы фестивальді ұйымдастыру комитетінен хабарлады.
Қазақ музыка мәдениетіндегі барлық орындаушылық мәнерлерді қамтитын «Дала дауысы» жобасында жеңімпаздар «Дәстүрлі орындаушы», «Академиялық орындаушы», «Эстрадалық орындаушы» аталымдары бойынша марапатталып, фестивальдің «Жаңа есімдері» белгілі болады.
Еліміздегі өнер және мәдениет, қоғам қайраткерлері жеңімпаздарды марапаттайды. Олар «Дала дауысының» арнайы статуэткасын және арнайы дипломдарды тапсырады.
«Дала дауысы» - радиофестиваль ретінде Қазақ радиосының эфирінде 2012 жылдан бастау алған болатын. Оның мақсаты - қазақ әнінің Халықаралық деңгейдегі заманауи, бәсекеге қабілетті төлтумалық дыбысын насихаттау, тыңдаушының талғамынан шыққан шығармалар арқылы орындаушыларды марапаттау, ән дәстүріміздің жалғасуына радиоэфир арқылы ықпал ету болып табылады.
«Дала дауысы» - музыка арқылы қазақ тілін дүниежүзі елдері арасында насихаттайтын Қазақстандағы бірінші радиофестиваль. Фестивалға қатысушы шет елдік үміткерге қазақ әнін орындау, немесе өз халқының әнін қазақ тілінде орындау талабы қойылған. Ондағы мақсат - қазақ әнін шет елдіктерге орындату арқылы ұлттық музыкалық және поэтикалық тілді насихаттау, сіңіру.
«Дала дауысы» - тек қана радиофестиваль емес, беделді музыкалық шеру. Қазақ радиосының миллиондаған тыңдармандары интернет арқылы сүйікті әндеріне дауыс беріп, жеңімпаздарды анықтайды. 3-4 апта бойына алғашқы бестіктен көрінген орындаушылар ғана финалға жолдама алмақ. Финалда 40% тыңдарман дауысы негізінде, 40% мамандар сараптауы арқылы, 20 % жоба ұйымдастырушыларының ұсынысы арқылы «Дала дауысы» сыйлығының иегері анықталады.
«Дала дауысы» ІІ Халықаралық радиофестиваліне 100 орындаушы қатысып, 20 орындаушы жеңімпаз атанбақ.