Астанада даңқты генерал-майор Иван Панфиловқа ескерткіш орнату туралы тапсырма берілді

«Астана әкіміне Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында даңқты генерал Иван Василий ұлы Панфиловқа ескерткіш орнатып, елордадағы жаңа орындардың біріне батыр жерлесіміздің атын беру мәселесін қарастыруды тапсырамын», - деді Н.Назарбаев жұма күні Қазақстан халықтары ассамблеясының XXI сессиясында.

И.Панфилов 1941 жылдың шілде-тамыз айларында Алматыда 316-шы атқыштар дивизиясын жасақтап, 1941 жылдың қазанында Батыс майданға аттанды. 1941 жылдың қазан-қарашасындағы Мәскеу үшін болған кескілескен ұрыста ол жетекшілік ететін дивизия ерен ерлік көрсетті.

И.Панфилов 1941 жылдың 19-қарашасында Волоколамск түбінде опат болды.