Астанада долларға таласқан адамдарды сабасына түсіру үшін полиция шақыртуға тура келді

«Қайта девальвация» болады деп аяқасты шошынған астаналықтар теңгелерін жаппай долларға ауыстырып жатыр. Түнімен ағылған халық нөпірінен сескенген ақша айырбастау орындары есіктерін тарс жауып, ентіккен адамдарды ішке бір-бірден кіргізуде. Тіпті кейбірінде доллар лезде таусылып қалған. Бұған ашуланған тұрғындар төбелес шығарыпты. Сондықтан түнде полиция шақыртуға тура келген. Ал таңда да кісі қарасы көп. Барлығы қалтасындағы азын-аулақ теңгені көк қағазға ауыстыруға жанталасып жүр.

-Үкімет алдай береді. Шамалы ақшам бар айналдырып қойдым. «Болмайды»  десе неге көтеріледі? Девальвация, міне ,болып жатыр ғой көз алдыңызда. Оның несін айтасың? Сонда кім-кімді алдап отыр?

Бұл сұрақ көпті мазалап отыр. Өйткені ақпандағы девальвациядан кейін жұрт Ұлттық Банкке сенуді қойған. Сондықтан «теңге құнсызданады»  деген ақпаратты интернеттен оқыған тұрғындар тағы дүрбелеңге түсті.  Валюта айырбастау орындарына да, қауесет тараған бойда, Бас банк шұғыл әрекет етпеді деп өкпелі.

Айгүл Салыбеков, валюта айырбастау нүктесінің директоры:

- Ертеңгісін жігіт жүрді. Ұлттық банктің валюта бөлімінен. Бірақ ештеңе түсіндірмеді. Халықпен де сөйлескен жоқ.

Дүрбелең кезінде екінші деңгейлі банктердің бірқатары АҚШ валютасын сатуды шектеген. Алыпсатарлар да  лезде пайда болып, долларды 190-ға дейін көтеріп жіберіпті. Дегенмен бүгін 1 доллар 184 теңгеден сатылып жатыр. Ал Ұлттық Банк дүрлігіп жатқан халыққа аң-таң. Мұнай бағасы тұрақты, сондықтан адамдарды қаңқу сөзге сенбеуге шақырды.


Олжас Құдайбергенов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының  кеңесшісі:

- Девальвация болады деп шулап жүргендер мамыр мен маусым айында алтын-валюталық қордық азайғанын негізгі дәйек ретінде көрсетеді. Ол дұрыс емес. Алтын валюталық қор жыл басынан 9 пайызға өсті. Сондықтан  теңгені құлдыратпай  ұстап тұруға шамамыз жетеді.

Ұлттық банктің болжамдарына қазір экономистер де сенуден қалған. Ұлттық валюта бағамына Ресейдегі жағдай әсер етпей қоймайды дейді.

Жанкелді Шымшықов, экономист:

-Ресейдің жағдайы қиындады. Жан-жақтан санкция салынып жатыр. Украинадағы жағдайға байланысты. Біздің Ұлттық банк оның кесірі болмайды дейді. Ол ақиқатқа сәйкес келмейді. Оның қиындық тудырып жатқаны рас.

- Қаржыгерлер дүбелеңге ермеуге шақырғанымен жұрттың оны елейтін түрі көрінбейді. Себебі ақпандағы күтпеген девальвациядан кейін тұрғындардың  қайта ұтылғысы жоқ. Ал сарапшылардың  Батыстың Ресейге салып жатқан санкциясы теңге бағамына қалайда әсер етеді деген болжамын  Ұлттық банк  негізссіз деп санайды.