Астанада джип мінген әйел қағып өлтірген бала туралы ұстаздары мен сыныптастары айтып берді

Марқұм Данияр Бұсырмановтың білім алған мектебі бұл. Каникулаға шықса да, достарының қазасын естіп сыныптастары түгел осында жиналған. Кіреберіске Даниярдың отырған партасы мен суреті қойылыпты.

Жәнипа Қабдырахимова, Д.Бұсырмановтың сынып жетекшісі:

-Өте үлгілі тәртіпті балалардың қатарында еді. Данияр менің жүрегімде мәңгі сақталып қалады.

Шыңғыс Шелкімов, Д. Бұсырмановтың сыныптасы:

- Данияр. 3-кластан бері досым болды. Бірге ойнадық. Ақкөңіл,елгезек бала еді.

Үлгілі, тәртіпті, озат оқушы. Даниярдың мектепте жеткен жетістігі тек бұл емес. Сабақты үздік оқыған ол, кәсіби түрде спортпен шұғылданыпты. Тіпті, екі күннен кейін Ресейде су добынан өтетін халықаралық жарысқа қатысуы керек болған екен. Байрақты бәсекеге жатпай тұрмай дайындалған.

Ғалияш Әмірина, №54 мектеп-лицейдің директоры:

-Жетістіктері мен грамоталары өте көп. Грамотасын талай бергенмін бұл балаға. Көз алдымда менің. Бір күліп қана тұратын  бала.

Данияр жаттыққан спорт кешіне міне. Осындағы бассейннен шығып, жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан ұлды кеше қымбат Лэнд Крузер тақымдаған әйел қаққан болатын. Қатты соққыдан бала сол жерде тіл тартпай кеткен. Бүгін мұнда қала тұрғындары гүл қойып, көңілдерін айтып жатыр. Ал, джиптің рөлінде болған 32 жастағы келіншекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, үй қамаққа алынған. Десе де, ол, 4 ай мерзім жүктілігіне байланысты жазадан сытылып кетуі мүмкін.

Михаил Кленчин, заңгер:

-Елімізде жүкті әйел жауапқа тартыларда заң бойынша оған жеңілдіктер қарастырылған. Яғни, сот оған шартты түрде жаза кесуі мүмкін. Кейін мерзімі аяқталғаннан кейін де келіншек полицейлердің бақылауында болады. Егер тағы да заң бұзса, сонда ғана қамауға алынады.

Данияр Бұсырмановтың туыстарының бүгін тілге келер шамасы болмады. Өйткені, отбасындағы жалғыз перзенттерінен қапыда көз жазып отыр. Ал, ертең қара жамылған  шаңырақ балаларын жер қойнына тапсырады.

Loading...