Астанада екі кәсіпкердің дауына дәретхана себеп болды

Он күннен бері әжетханаға бара алмай, әбден қысылған мына жігіттер: «есіктің алдына шығып, шу шығарудан басқа амалымыз қалмады» дейді. Кәріз жүйесін жауып тастап, апталдай азаматтарды әбігерге салып қойған көршілері екен. Көлік жөндеу орталығның жұмысшылары енді жабылып жүріп, екі жаққа ортақ жүйені қайта ашқызбақ.

Бірақ, бұдан түк шықпады. Көршінің есігіндегі қара құлыпты бұзып өтуге елу шақты адамның әлі келмеді. Оның үстіне бұл орталықтың  қожайыны таныс-тамыры көп бұрынғы аудан әкімі екен. Пара алғаны үшін жазасын түрмеде өтеп келген. Бүгін наразылыққа шыққандар да «талай рет сол экс-шенеунік кәсібімізді тартып алмақ болды. Сотта жеңілген соң, енді осылай кек алмақ, - дейді.

Асқар Камалиденов, кәсіпкер:

- Міне, жігіттер жұмыссыз отыр. Не қолдарын жуа алмайды, не туалетке бара алмайды. Асханада  не тамақ іше алмайды. Аудандық полиция бөлімшесінен  келсе, айтады: «Кеше прокурор келді, ол жұмыстан шықты. Ертең сен де жұмыстан шығасың» деп,  біздің көзімізше айтып тұр полиция қызметкеріне . Ол да бұрылды да кетті.

Қолы ұзын көршілерінің қырсық мінезі мұнымен шектелмейді екен.


Асқар Камалиденов, кәсіпкер:

-Тағы қорқытады. Әйеліңді зорлаймын, балаңды зорлаймын деп оны да жазды.

-Ол қорқытуларды сізге қалай білдірді?

-Хабарлама  жазды.

Асқар бәсекелесінен келген хабарламаны алып, полицияға барыпты. Бірақ, құқық қорғау орындары «Қылмыстық әрекет жоқ» деп шығарып салған. Ал, таңнан бері жұмысын тастап, әжетхана дауын шешпекке жүрген жігіттер түс ауа ақыры көршілерінің ауласына өтті. Кәріз жүйесін шынында да көміп тастапты.

-Ана екеуі тұр. Өйткені сенікі толып тұр, жібермей жатсың ғой.

-Тазалау керек, ол үшін сорып алу керек. Мына екі ортаны тазаласаңдар кетеді.

Осылайша, тараптар кәріз құдығындағы бітеліп қалған қалдықтың кімдікі екенін таппай, таласып жатқанда жақын маңдағы асхана да шаш етектен шығынға батып, зардап шегіп отыр. Мұндағылардың жұмысын тоқтатқанына бірнеше күн болыпты. Ас әзірлемек түгілі, тау болып жиылып қалған ыдыс-аяқ жуылмаған. Ал, жоғары қабаттағы жатақхана тұрғындарының жағдайы мүлдем мүшкіл.