Сонымен, қара тізімнің басында үнемі басынан дау арылмайтын Аслан Сәрінжіпов тұр. Сауалнамаға қатысқандар Білім және ғылым министрі көзге түсу үшін ұйқыны ұмытып, күні-түні тер төгу керек деген пікірде. Сондай-ақ, сарапшылар, Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжановаға да көп еңбектенуге кеңес береді. Шала ісімен танымал болғандармен қатар таңдаулылардың да есімі бар тізімде. Бұл жерде Президенттің ең көп қабылдауында болған және халықарлық қауіпсіздік ұйымдарының басшыларымен 50 рет кездесу өткізген Сыртқы істер министрі ең үздік атаныпты. Ерлан Ыдырысовтың өкшесін Бақытжан Сағынтаев басып тұр. Премьердің бірінші орынбасарының Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты келіссөз жүргізудегі еңбегі ескерілсе керек. Бір қызығы қоғамдағы қылмыстың күн санап артуына қарамастан Ішкі Істер министрі Қалмұханбет Қасымов та үздіктердің тізімін тұйықтап тұр.