Астанада ер адам лифт ішінде оңаша қалғанда кішкентай қызға тиіскен

Оқиға 9 маусымда болған. Видеодан лифт ішінде баламен оңаша қалған ер адамның қызға тиіскенін көруге болады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы Bugin.kz сайтына сілтеме жасап.

“Өтіп бара жатқан емес, көршіміз қызыма тиісті. Оңаша қалғанда лифт ішінде жамбасын ұстады. Мұндай адамдардың арамызда емін-еркін жүргені қорқытады. Әрі құқық қорғау органдары да “Ештеңе болмады” деп шара қабылдамайды. Бұл кісіні анықтап, жазаға тартуды сұраймын”, – делінген жазбада. 

Ал астаналық полицейлер ер адамның кім екені анықталғанын және айыппұл салынғанын мәлімдеді. 

“Полиция қызметкерлері 40 жастағы ер адамды анықтап, “Сарыарқа” аудандық полиция басқармасына жеткізді. Қоғамдық орында тиіскені үшін және мас күйде болғаны үшін ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440 және 449-баптарымен жауапқа тартылды”, – деп жауап берді қалалық полиция департаментінің өкілдері. 


Сонымен қатар полицейлер азаматтарға құқық бұзушылықтың куәгері болса, бірден 102 нөміріне хабарласу керегін еске салып өтті.