Дәл қазір отырыс тар ауқымда жүргізіліп жатыр, одан әрі кеңейтілген құрамдағы жиын басталады. Отырысты Қазақстан үкімет басшысы Даниал Ахметов жүргізіп отыр.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, үкімет басшылары Достастық елдерінің сауда-экономикалық, энергетика, әлеуметтік -гуманитарлық және басқа да салалардағы интеграциялық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға қатысты мәселелерді талқылайды.
Отырыс барысында Достастықтың 2006-жылға арналған бюджетінің жобасы мен ЕурАзЭҚ-ның билеуші органдары тарапынан бұрындары қабылданған шешімдердің орындалуы талқыланады. Үкімет басшылары ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің экономикалық ахуалы туралы баяндама жасап, экономикалық ықпалдастықтың бірлесіп шешуді талап ететін проблемалары бойынша өз ұсыныстарын ортаға салады.
Отырыстар барысында көлік дәліздерін құру және дамыту жөнінде келісілген саясат жүргізу, техникалық регламенттерді үйлестіру негіздері туралы келісімдерге, сондай-ақ, 2002-жылдың 30-наурызында қол қойылған этил спирті, алкогольді, спиртті және темекі өнімдерінің өндірісі мен айналымына кедендік және салық бақылауын жүргізу жайындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама мен 2000-жылдың 30-қарашасында қол қойылған азаматтардың өзара визасыз қатынауы туралы келісімнің хаттамасына қол қойылады.
ЕурАзЭҚ 2000-жылдың қазан айында құрылған. Қоғамдастыққа Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан енеді. Армения, Молдова және Украина Қоғамдастық жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие.