«Дәстүрге айналған бұл шара Қазақстан жұртшылығына француздық таланттарды таныстыруға бағытталған. Ағымдағы кездесулер екі ел арасындағы ынтымақтастықтың кеңеюі кезеңінде өткелі отыр. 2009 жылы Николя Саркозидің Қазақстанға сапары барысында мәдени жобалардың жайы келісілді. Ал 2010 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға сапары барысында маңызды жобалар өмірге енгізіле бастады. Мәселен, екі апта бұрын Азияға қатысты өзінің аса бай қорымен етене таныс Франция мұражайында «Қазақ қауымдастығының археологиясы мен этнографиясы» тақырыбында көрме ашылды», - деді Францияның Қазақстандағы Елшісі Жан Шарль Бертонэ.
Елші атап көрсеткендей, осы сапарлардың нәтижесінде екі ел президенттері алдағы жылдары Францияның Қазақстандағы және Қазақстанның Франциядағы жылын өткізуге уағдаласты. Бүгінде екі мемлекеттің мұражайларының арасында ықпалдастық туралы өзара келісім жасалды. Елдер, сондай-ақ ынтымақтастықты кинемотография саласында да дамытатын болады.
Франция мәдениетінің Қазақстандағы апталығы шеңберінде Астанада бірнеше шара ұйымдастыру көзделген. Олардың арасында Орельян Кэроның хип-хоп би түрі бойынша, Марко 93-тің граффити бойынша және Карпатт музыкалық тобының шеберлік сабақтары бар. Сондай-ақ, қала кинотеатрларында режиссерлар мен түсіру топтарының қатысуымен «Түн мен тұман», «Орыстардың арман қаласы», «Дүниеге келген екенбіз» фильмдері көрсетіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл апталық екі ел мәдениеттерінің алмасуына септігін тигізеді. Бір ғана мысал, граффити шебері Марко 93 бір жеті бойы Астананың көрікті жерлерін суретке түсіріп, оны кейін қаланың бірнеше жеріне іліп қана қоймай, Франция мен өзге де елдерде көрмелерге қоймақ.
Айта кетейік, Франция мәдениетін Қазақстан халқына таныстыру шарасы осымен алтыншы рет ұйымдастырылғалы отыр.