Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Кешіккен махаббат» атты лирикалық-комедияның көрсетілімін бұқарамен бірге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, картинаны жасаушы тұлғалар мен Ж.Депардьеден бастап оның басты рөлдерін сомдаған әртістер тамашалады.
Көрсетілімге дейін журналистерге арнап баспасөз мәслихаты өткізілді. «Tanaris кинокомпаниясы» мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы туындыны бюджеттік және өзге көздерден тартылған 1,5 млн. АҚШ долларына түсірді. Сценарий авторларының бірі Сергей Әзімовтің айтуынша, картинаны түсіруге жалпы дайындық 1 жылға жуық уақытқа созылған болса, оны түсіруге небәрі 24 күн кеткен. Картина көшірмелерінің саны 25-30 дана. С.Әзімов әртістердің қаламақысын коммерциялық мақсатта құпияда қалдыруды жөн көріп, тек Ж.Депардье Францияда тауып жүрген табысынан үш есе аз алғанын атап өтті.
«Маған Әзімов киноға түсу ұсынысымен келгенде, ақшасының жоқтығын бірден айтты. Мен сценариймен таныспай-ақ бірден келістім. Себебі мен Қазақстанға алғаш сапар шеккенімде бұл тамаша елге қайтып келетінімді білдім. Мен қазақстандық туындыларға түсуге қашан да дайынмын. Өйткені, қазақтың мәдениеті өзінен алшақтатпай, адамды керісінше баурай түседі», - деді Астанаға алғаш атбасын бұрған француздық әртіс.
Елордалықтардың назарына ұсынылған фильмнің қазақ тілдегі нұсқасында француздық әртіске дубляжды М.Әуезов атындағы театрдың әртісі Төлеубек Аралбаев жасады. Орысшасы танымал актер Евгений Жұмановқа бұйырды.
Еске салайық, Елбасы француздық әртіске өзінің ілтипатын бұған дейін де білдірген болатын. 2010 жылғы қазан айының соңында Н.Назарбаев, Ж.Депардьемен өзінің Францияға ресми сапары барысында кездесті. «Қазақ елінің Басшысымен болған кездесуді өте жылы еске аламын. Біз 45 минутқа жуық уақыт әңгімелестік. Н.Назарбаев өз елін қаншалықты сүйетінін, оның егемендігін соншалықты қастерлейтіндігін айтты», - дейді Ж.Депардье.
«Кешіккен махаббат» фильмінің желісі қартаң тартқан үш шал туралы өрбиді. Жұбайын қара жердің қойнауына тапсырған Қалтай (Нұржұман Ықтымбаев) есімді қарт, қалада тұратын өзімен «тағдырлас» Жиде (Наталья Орынбасарова) көршісімен басқосуды қалап, ол ойын достарына (Ж.Депардье, Болат Қалымбетов) айтады. Қалалық апамыз құда түсіп барған «шалдардың» бетін қайтарғаннан кейін, достары Қалтайға басқа жар іздеуге кіріседі. Орыс көршісінен бастап, көрші ауылдағы алғашқы махаббатына дейін іздеп барады. Баянды қартайған шағынан күдерін үзе бастаған қарияның ұсынысын, «қалалық» апайымыз ақырында қабылдап, ауылға оралады.
Негізінде, бұл картинаның алғашқы таныстырылымы емес. Естеріңізде болса, оның алғашқы көрсетілімі үстіміздегі жылғы қыркүйек айында Алматыда өткен Еуразия кинофестивалінде болды. Онда ол «Күтпеген махаббат» атпен ұсынылды. С.Әзімовтің сөзіне қарағанда, кинофестивальда картина көрермендердің жас ерекшелігіне қарамастан өте ыстық қабылданды.
Алдағы уақытта қазақстандық жаңа туынды алдымен Ресей мен Францияға, одан кейін өзге шет ел мемлекеттеріне жол тартады.
Фильм бүгін, 7 желтоқсан күні алматылық көрермендердің назарына ұсынылады.