Астанада Германияның German Brass үрмелі мыс аспаптары ансамблінің концерті болады

ҚР Мәдениет министрлігі ұйымдастыратын концерт Президенттік мәдениет орталығында сағат 18.30-да басталады. Концерт бағдарламасы екі бөлімнен тұрады. Біріншісі - Бах, Вивальди, Россини, Альбенис, Глинка және т.б. туындылары, концерттің екінші бөлімі «German Brass around the world» атауымен өткізілмек.

Мәдениет министрлігінің мәліметінше, German Brass («Неміс брассы») ансамблі 30 жылдық табысты тарихқа ие. Оның құрамында үрмелі мыс аспаптарында шебер ойнайтын 11 жоғары кәсіби орындаушы бар. Олардың барлығы дерлік жетекші неміс оркестрлерінің солистері мен танымал музыкалық білім беру ордаларының профессорлары. Ұжым Германиядағы үрмелі аспаптардың дамуы мен өрістеуіне ықпал етіп, үрмелі аспаптарда мінсіз орындаудың тамаша үлгісіне айналды. Неміс ансамблі аспаптарының түрлілігі көз жауын алады. Негізгі аспаптардан басқа корнеттер, корно да каччалар, бас трубалары және тағы да басқа сирек кездесетін аспаптар ансамбльдің музыкалық үндестігін құрайды.
Ансамбльдің сахналық имиджі және орындаушылық мәнері таза еуропалық сипатта. Олар келбетті, ұстамды, салмақты, ал Бахты ойнаған кезде тіпті ресми болады. Ансамбльдің жетекшісі Энрике Креспоның шығармалары және өзі өңдеген эстрадалық және джаз композициялары ойналатын екінші бөлімде сырнайшылардың жігерлілігі, жарқылдаған әзілкештігі және актерлік қабілеттері толығымен ашылады.
Сыншылардың пайымдауынша, German Brass солистер ансамблі - бұл қалыптасқан дәстүрлер мен заманауи прогрестің тамаша үлгісі. Ансамбльдің репертуары классикалық және қазіргі, салмақты және жеңіл музыканы біріктіретін барлық стилистикалық бағыттар мен жанрларды қамтиды.