Астанада IV халықаралық скрипкашылар байқауы өтеді

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Байқауға Қазақстан мен шет елдердің скрипкашылары, арнайы оқу орындарының тәрбиеленушілері қатысады. Қатысушылар жас шамасына қарай екі топқа бөлінеді: жеткіншектер тобы (10 - 15 жас аралығы) және ересектер тобы (16 - 28 жас аралығы).

Қатысушылар И.С.Бах, Н.Паганини, И.Брамс, П.Чайковский, Д.Шостакович сынды ұлы композиторлардың шығармаларын орындайды.

Байқау 15 қазан күні сағат 17.00-де Қазақ Ұлттық өнер университетінің Орган залында басталып, 19-ы күні сағат 17.00-де байқау жеңімпаздарының салтанатты гала-концертімен
аяқталады.

Қазылар алқасы құрамына белгілі және атақты скрипкашылар - Қазақстан Республикасының халық әртісі, профессор Айман Мұсақожаева, Эдуард Грач (Ресей), Сергей Кравченко (Ресей), Александр Винницкий (Финляндия), Анатолий Баженовтар (Украина) енді.

IV Халықаралық скрипкашылар байқауының басты мақсаты - классикалық музыканы дәріптеу, скрипка өнерін насихаттау, қазақстандық жас талантты скрипкашыларды жоғары деңгейге көтеру және Қазақстанның мәдени абыройын арттыру.