Астанада Jüregımnıñ Jenımpazy атты жүгіру фестивалі өтті

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Фестивальге қатысушылар EXPO аумағынан басталып, Түркістан және Ақмешіт көшелері арқылы Abu Dhabi Plaza бағытына дейін жүгіріп, қайтадан бастапқы нүктеге оралды. Шара барысында 10, 3 және 1 шақырымдық қашықтықтар бойынша жарыстар ұйымдастырылды.

Jüregımnıñ Jenımpazy фестивалі 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Негізгі мақсат – трансплантацияны күтіп жүрген пациенттерге қолдау көрсету, қоғам арасында донорлық туралы ақпаратты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

Фото: Іс шара ұйымдастырушылары ұсынған

Фестивальге қатысушылар саны да жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, 2024 жылы шараға 4 200-ден астам адам қатысса, 2025 жылы олардың саны 5 мыңға жуықтаған.

Heart Center Foundation қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауыровтың айтуынша, мұндай шаралар трансплантация мәселесін қоғамға ашық жеткізуге мүмкіндік береді.

«Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру-фестивалі қоғам үшін өте қажет деп санаймын. Осындай жүгірістер арқылы біз трансплантация мәселесінің бар екенін көрсетіп, салауатты өмір салты арқылы қиын тақырыптарды талқылауға мүмкіндік аламыз», – деді ол.

Оның сөзінше, елімізде трансплантация бойынша оң динамика бар. Мысалы, 2022 жылы Қазақстанда жүрек ауыстыру бойынша небәрі 2-3 ота жасалса, 2025 жылы мұндай 18 ота орындалған.

Алайда Қазақстанда мәйіт донорлығының көрсеткіші әлі де төмен. Мұрат Зауыровтың айтуынша, мәйіттік трансплантация негізінен 1-2 ірі қалада ғана жүргізіледі. Ал оңтүстік және батыс өңірлерде бұл бағыт бойынша ақпараттандыру жұмыстары жеткіліксіз.

Фото: Іс шара ұйымдастырушылары ұсынған

Фото: Іс шара ұйымдастырушылары ұсынған

«Трансплантация мәселесіне қатысты әзірге Jüregımnıñ Jenımpazy сияқты жүгіру шарасы ұйымдастырылады. Қоғамды одан әрі ақпараттандыру үшін мұндай фестивальдерді басқа қалаларда да өткізуіміз керек», – деді қор директоры.

Қазіргі таңда елімізде 4208 адам бүйрек трансплантациясын күтуде. Бұдан бөлек, 293 адамға бауыр, 208 адамға жүрек, 30 адамға өкпе, ал 5 адамға «жүрек-өкпе» кешенін трансплантациялау қажет.

Фестивальге трансплантациядан кейінгі өмірін жалғастырып жүрген адамдар да қатысты. Солардың бірі – бүйрек трансплантациясын жасатқан Анар Шайсұлтанова.

Оның айтуынша, жастайынан денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болған. 30 жасында қос бүйрегінің жұмысы тоқтап, 2018-2022 жылдары гемодиализ алған. Ал 2022 жылы мәйіттік донордан бүйрек трансплантациясы жасалған.

«Содан бері төрт жыл бойы баламның қасында болып, өмірдің әр сәтін бағалап келемін. Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру-фестиваліне 2022 жылдан бері белсенді қатысып жүрмін. Бір шақырым ғана жүгірсем де, мен үшін бұл – өмір үшін күрес. Менің ойымша, Jüregımnıñ Jenımpazy трансплантация кезегінде тұрған жандарға үміт сыйлайды», – деді ол.

Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда ағза трансплантациясы бойынша 150 отажасалған. Оның 108-і – бүйрек, 31-і – бауыр, 5-еуі – жүрек, 2-еуі – өкпе трансплантациясы.

Фестиваль барысында тұрғындарға ағза донорлығы мен трансплантация мәселелері бойынша ақпарат берілді. Сонымен қатар шарада Орынхан, Мархаба Сәби, Бүркіт және Аиша өнер көрсетіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру-фестивалі биыл 23 тамызда өтетін Ұлттық құрылтайды қолдау және «Жаңару үшін дауыс бер» бастамасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.