Астанада кембағал балалардың тұңғыш театры ашылды

Өздеріне үлкен жауапкершілік жүктеген жандар сыншыл келетін көрерменнің көңілінен шығу үшін барын салуда. Әсіресе режиссердің қобалжуы басым. Жетекшінің қиялын бір айтқаннан қағып алу қарамағындағыларға жазбағандықтан тараптар арадағы аудармашыға телмірген.

Бүгінгі биші де, әнші де кең сарайда жаңғырған әуенді ести алмайды, алайда, әртістер музыканы сезінудің амалын тауыпты. Сахнаның еденіне  дыбыс өткізетін төсеніштер жайып, ырғақты табан арқылы сезіп, соған сай  қимылдауға мәжбүр.

Мүмкіндігі шектеулі болғанымен таланты шексіз балалар еліміздің әр аймағынан жиналған. Мәселен, 11 жастағы Ырысдәулет пен Нәзима Шымкенттегі көзі көрмейтіндердің интернатынан. Жанарсыз демесеңіз, қос құлыншақтың жігері жанып тұр.

Ырысдәулет Орынбек:

- Қобалжу мүмкін емес мұндайда. Өйткені  мен «Жұлдызай» деген концертке алғаш рет шыққанмын. Енді екінші концертке шыққанда қобалжымаймын.

Осылайша  бүгін  өнерге ерекше ынтық жандарды жұрт алдына жұлдыздар жетелеп шықты. Бір өкініштісі, жеткіншектердің бірі қасындағы жұбының жүзін көре алмайды, тек үн қосса, енді бірі қазақ әнінің әуені мен сөзін өз тілінде, яғни ыммен жеткізуге тырысты.


Мақпал Жүнісова, ҚР Халық артисі:

- Мемлекетімізде осындай дарынды балалар бар екенін мен білген жоқпын. Мүмкіншілігі шектеулі балалар, кейбірінің көзі көрмесе де, құлақтары естімесе де өнерге деген, өмірге деген құштарлықтары он екі мүшесі сау адамның сай-сүйегін сырқыратады екен.

Бұл кеште көрерменнің көзіне жас үйірілткен тағы бір туынды – саңыраулар сахналаған мына қойылым. Беларусь драматургының «Біз бақытқа бөленетін қала» атты шығармасы әлемі бөлек әртістердің тағдырынан сыр шертеді.

Бақытжан Тәженов, «Darts» театрының режиссері:

-  Әрбір адамның ішінде ашылмаған дүние бар. Пьессада да әр кейіпкердің арманы, мақсаты бар. Соған жету жолы десек болады. Бұл да балалардың тағдырымен байланысы бар. Өйткені, олардың да үлкен мақсаты, арманы бар.

Бұл еліміздегі алғаш рет құрылған ерекше театрдың тұсаукесер алдындағы кеші болатын. Өнерлі ұжым сахнамен қоштаспайды, көрерменін желтоқсанда үлкен спектакльге шақырмақ.