Драмалық шығарманың авторы - жазушы, драматург Думан Рамазан, қоюшы режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.
Туындының негізгі желісіне Кенесары ханның өмір тарихы алынды. Автор Кенесарыны азаттық үшін күресіп, тәуелсіздік жолында жанын пида еткен тарихи тұлға ретінде айта отырып, оның сүйіктісі - Күнімжан екеуінің махаббатын суреттейді.
Жалпы тарихта Кенесарының сүйіктісі Күнімжан туралы көп айтыла бермейді. Ол көркіне ақылы сай, ханға нағыз жар болуға лайық қыз болған. Аталары өте беделді адамдар, әкесі - Тұрсын да атақты байлардың бірі. Яғни, Күнімжан текті жердің қызы. Кенесары мен Күнімжан біріне-бірі алғаш көргеннен ғашық болады. Алайда, бұлардың сезімдеріне кедергі болып, сол кездегі Ақмоланың аға сұлтаны Қоңырқұлжа өзінің екі әйелінің үстіне кезекті жар етіп алуға Күнімжанға құда түседі. Осы сәттен бастап спектакльдің шырқау шегі - Кенесары-Күнімжан-Қоңырқұлжа арасындағы махаббат тартысы басталады. Оның аяғы бітпес дауға, өшпес өштікке ұласады. Автор пьесада Кенесары ханды ірі тарихи тұлға, үлкен азамат, сүйікті жар ретінде ақтауға барынша тырысты.
Кенесарының рөлін - «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Сырым Қашқабаев, Күнімжанды - Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, жас актриса Айнұр Жетпісбаева, Қоңырқұлжа кейіпкерін - актер Жанқалдыбек Төленбаев сомдады.