А.Бөрібаевтың айтуынша, фестивальді Қазақстандағы Франция елшілігі мен Астана қалалық әкімшілігі бірлесе ұйымдастырады. Қазақстандағы Франция елшілігінің мәдениет жөніндегі мәселелерді үйлестірушісі Антуан Бийенің айтуынша, фестивальдің мақсаты - "Елорда тұрғындарының назарына Франция мен Қазақстанның қазіргі заманғы киноөнерін дамытуға бірегей үлес ретінде қосылған таңдаулы кинематографиялық туындыларды ұсыну болып табылады". Бұл - Астанадағы мәдени ортаны дамытуға және оны байыта түсуге ықпалын тигізбек.
Фестиваль бағдарламасына Франсуа Озон және Роман Поланский сынды танымал режиссерлардың туындылары мен француз киносының жұлдыздары Жерар Депардье мен Изабель Аджани ойнаған таңдаулы фильмдер енгізілген. Ал қазақстандық фильмдердің арасынан фестивальде Дәріжан Өмірбаев, Гульшад Омарова, Нариман Төребаев және Рүстем Әбдірашевтің туындылары іріктелді.
А.Бөрібаевтың айтуынша, мұндай фестиваль Астанада тұңғыш рет өткізілгелі отыр. Алайда оны жыл сайын ұйымдастыру көзделуде. "Кинотеатрлар желісін кеңейту қажет. Болашақта Елордасында ауқымды кинофестиваль ұйымдастырылуы да ғажап емес. Оған Изабель Аджани және Катрин Денев сынды жұлдыздарды шақыруға тырысатын боламыз",- деді ол.