КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, композитор, Еркеғали Рахмадиевтің қатысуымен «Өнер асқарында» атты концерт өтеді. Салтанатты кеште, концертмейстер Елена Сахноның сүйемелдеуімен ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинованың, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтың, Сүндет Байғозиннің, халықаралық байқаулардың лауреаттары Роза Нүркей мен Бейімбет Таңарықовтың орындауында автордың ария және ән романстары орындалады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Еркеғали Рахмадиев шығармашылығы қазақтың халық музыкасының бай мұрасын бойына сіңіріп симфониялық, опералық, вокалды-аспаптық, камералық шығармалары ұлттық өнердің кәсіби өресін кеңейтіп, оның жанрлық салаларын дамытты. Сазгердің "Мейрам күйі" симфониялық поэмасы 1973 жылы Алматыда өткен Азия елдерінің халықаралық музыка жиынында дүниежүзілік эфирге жолдама алып, бірінші жүлдеге ие болды. "Құдаша-думан" мен "Мейрам күні" деген шығармалары симфониялық оркестрдің орындауында 1973 жылдары Лондон, Филадельфия елдерінде шырқалса, 1974 жылы Братиславада, 1975 жылы Прагада және тағы басқа қалаларда орындалды. Ұлттық музыка мәдениетінің маржандарын классикалық шығармамен тоғыстырған романстар, опералар мен басқа да шығармалар еліміздің ұлттық мұрасының алтын қорына еніп отыр. Қазақтың опера және балет театрында "Қамар сұлу", "Алпамыс", "Абылай хан" опералары қойылған.