Астанада коньки спортынан Әлем кубогының кезеңі өтеді

Қазақстан Essent ISU конькимен жүгіру спорты бойынша Әлем кубогының кезеңін өткізу құқығына алғаш ие болды. Жарысқа 30-дан астам елдің ең мықты деген конькишілері қатысады. Олар - Әлем және Еуропа чемпиондары, Олимпидалық ойындардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, әлем рекордшылары: Иван Скобрев, Свен Крамер, Энрико Фабрис, Хавард Боко, Мартина Сабликова, Ирэн Вьюст, Штефэни Беккерт, Екатерина Лобышева және тағы басқалар.

«Алау» мұз сарайында айдынды жарысқа әзірлеу сапасын және Кубокқа әлемнің үздік конькишілері қатысатындығын ескере келе мамандар, аталмыш жарыс барысында жаңа жетістіктер және рекордтар болатындығын болжауда. Кубокты Канада, АҚШ және Еуропа елдерінің арналары бойынша тікелей тарату жоспарлануда.

«Әлем Кубогын ойдағыдай өткізу осы спорт түрі бойынша халықаралық одақпен ықпалдастықты одан әрі дамытуға септігін тигізіп, 2014 жылы Әлем чемпионатын Астанада өткізу құқығына таласуға мүмкіндік береді. Әрине, Әлем кубогы Қазақстанда коньки спортын дамытуға және танымал етуге оң ықпалын тигізеді», - делінген «Алау» мұз сарайының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.