Бұл туралы мұз сарайының баспасөз қызметінен мәлім етті.
Аталмыш додаға Қазақстан, Ресей, Голландия, Норвегия, Германия мен Беларусь елдерінің конькимен жүгіру спортының ардагерлері қатысады. Қазіргі уақытта мұз алаңына шығуға 50 спортшы қызу дайындық жүргізуде.
Спорттық жарысты Қазақстанның конькимен жүгіру қауымдастығы мен «Алау» мұз сарайы ұйымдастыруда.
«Аталған дода кезінде мұз айдынымызда халықаралық турнирлер кезінде әдетте болатын рекордтарды күтпейміз. Біздің мақсатымыз толыққанды спорт мерекесін ұйымдастыру. Астананы конькимен жүгіру спортының ардагерлері дәстүрлі түрде бас қосатын қалаға айналдыру», - дейді «Алау» мұз сарайының директоры Наиль Нұров.
Еске сала кетейік, ардагерлер жарысатын қашықтықтар 500, 1500, 1000 және 3000 метрді құрайды. Танымал қонақтардың ішінде ресейлік Татьяна Сидорова бар. Ол халықаралық санаттағы спорт шебері, 1964 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 500 метр қашықтығында бірнеше дүркін рекордтың иесі.
Жарыс 11 ақпанда 12.00-де басталады.