Астанада көпқабатты үйдің лифті үзіліп кетті. Жарақат алғандар бар

Астана қаласында "Гранд Астана" тұрғын үйінің лифті үзіліп кетті, деп жазды Қымбат Ақжан Facebook желісіндегі "Астана, хочу похвалить/пожаловаться" тобында.

Лифттің құлауы кезінде жарақат алған адамдар бар, делінеді хабарламада. Әйел адам Астананың әкімі Әсет Исекешевке "лифт компаниясын тексеруді" өтінді.

Астана әкімі: "Қабылданды. Лифт компаниясын тексереміз. Үйдің тұрғындары ретінде неге лифт компаниясын ауыстырып, толық жөндеу жұмыстарын өткізуді талап етпейсіздер?", — деп жауап берді.

Бұндай жағдай Астанада бірінші рет орын алып отырған жоқ. Осы жылдың сәуір айында сауда орталығында лифт ер адамды басып кетіп, ол адам көз жұмған еді. Ал, осы оқиғадан кейін екі апта өткен соң, сегіз адам отырған лифт, үйдің жертөлесіне құлаған. Бұл кезде зардап шеккен адамдар болмаған, алайда кейіннен адамдар арасында екі кішкентай баланың болғаны анықталған еді.