Астанада көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы ХІІ-ші республикалық байқауы өтіп жатыр

Байқауды ұйымдастырушы - ҚР Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті.

«Бүгін біз дәстүрлі үлкен бәйгені тағы да бастағалы отырмыз. Ең алғаш рет бұл бәйге Астанаға қазақ жұрты жиі келе бастаған уақытта, Ақорда іргесін тігіп жатқан кезде ашылды. Ол неге О.Бөкейдің атымен аталды? Себебі, Оралхан қазақ руханиятының ең үлкен тұлғаларының бірі болды. Жасындай жарқырап шықты. Әдебиетте, мәдениетте керемет құбылыс болды. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Оралхан 80-ші жылдардың жастары үшін ең жақсы, ең көп оқылған және ең танымал азамат болды», - деді байқауды құттықтау сөзімен ашқан Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров.

Б.Омаровтың айтуынша, ол жылдар қоғамның О.Бөкейдің шығармаларымен тыныстаған кезеңі болды, жастар арасында оның туындыларын жатқа оқу сәнге айналды. Және қанша жылдар өтіп, заманның ағымы өзгерсе-дағы олар бүгінгі күннің ұрпағында өздерінің рухани құндылықтарын жоғалтқан жоқ.

Байқауға еліміздің барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан қалалық, облыстық деңгейлердегі байқаулардың барлығы 16 жеңімпазы қатысуда. Байқау үш кезеңнен тұрады - прозалық, драмалық және поэзиялық шығармалардан үзінділер оқу. Қатысушылар сондай-ақ, елімізге белгілі өзге де ақын-жазушыларымыздың кез-келген шығармаларынан үзінділер оқиды.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Төлен Әбдік төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының сахна тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор Дариға Тұранқұлова, «Хабар» Агенттігінің редакторы Зейін Әліпбек, жазушы Әнес Сарай, Астана жастар театрының директоры, Қазақстан Республикасының халық әртісі Тілектес Мейрамовтар бар.

Олар байқауға атысушылардың көркем мәтінді оқу шеберлігін, оқылатын шығарманы таңдау талғамын, дауыс мәнерін, сахнада өзін-өзі ұстауы мен сахналық киімдерін бағалайтын болады.

Байқау жеңімпаздары Тіл комитетінің дипломдарымен, алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.