Астанада күйеуін қызғанған келіншек оның бұрынғы әйелін пышақтап өлтірген (ВИДЕО)

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Келіншек өзінің заңды некедегі күйеуін оның бұрынғы азаматтық некедегі әйелінен қызғанған. Тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында адам өлтірген әйелдің күйеуі, өзі және бұрынғы азаматтық некедегі әйелі арасында кикілжің туындайды. Әйел күйеуінің бұрынғы азаматтық некеде болған әйелін оның ашынасы деп ойлаған. Алайда, бұрынғы әйелінен бір ұлы бар ер адам екі отбасыда жүрген еді», – дейді істі баяндаған Дина Таңсәрі.

Осылайша, араларында бір бала барын білсе де келіншек жолдасын қызғанып, үйінен пышақ алып шығады да ұрыс кезінде ер адамның бұрынғы әйелінің жүрегіне екі рет сұғып алады.

«Бейнежазбада көрініп тұрғандай, марқұм әйел жерге құлайды, ал, оны өлтірген әйел көмек шақырудың орнына қолының жарасын таңып, әлек болған. Оқиға орнына полиция келіп, ертеңінде күдікті оқиғаның қалай болғанын және әйелді қалай өлтіргенін айтып беріп, қылмысын мойындаған. Алайда, Астана қаласы Алматы аудандық ішкі істер бөлімі жасатқан бірінші сараптама әйел қылмыс кезінде аффект күйінде болды деген қорытынды шығарады. Дегенмен, Өскемен қаласының сараптамасы әйелдің ақыл-есі сау екенін және қылмыс кезінде де ақыл-есі дұрыс болғанын көрсететін сараптама жасатқан. Оны іске алмаған Алматы аудандық полиция бөлімі Астанада екінші рет сараптама жасатып, әйелді аффект күйінде қылмыс жасады деген қорытындыға келген», – дейді Дина Таңсәрі.

Осылайша, тура бір жыл бұрын үйдің ауласында бір әйелді пышақтап өлтірдім деп полицияға кінәсін толық мойындаған адам үйінде отыр. Дина Таңсәрінің айтуынша, ол осы бір жыл бойы қамауға алынбаған және сот аффект күйін ескеріп, оны шартты түрде ғана жазаға тартуы мүмкін.


Loading...