Астанада LRT-ның келесі тармағына дайындық жұмыстары басталды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, қазір инженерлік-геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр.

"Шыңғыс Айтматов көшесі бойымен өтетін LRT жобасының екінші кезеңіне арналған техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау аясында топырақтың құрамы мен қасиетін анықтау үшін инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстары атқарылып жатыр", - деді компания өкілдері.

Компания мәліметінше, бұл жұмыстар LRT желісін әрі қарай жобалау және қандай техникалық шешім қолданатынын анықтау үшін қажет.

Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT-тың келесі бағыты Қосшыға қарай салынатынын айтқан.

"Қосшы үлкейіп жатыр, ол - Астанаға жүктемені азайтып отырған үлкен серік-қала. Сондықтан Қосшыдан қалаға қарай қатынайтын адам көп, біз келесі кезеңді осы бағытта саламыз", - деді әкім.