Семинарға парламенттің депутаттары, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі, әлеуметтік сақтандыру жөніндегі мемлекеттік қор өкілдері, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық, БҰҰ-ның даму бағдарламасы, жергілікті атқарушы билік өкілдері, жұмыс берушілер, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері қатысуда.
Семинарда "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" ҚР заңына сәйкес 2005-жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енетін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы талқыланады.
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің түсініктемесіне сәйкес, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізудегі басты мақсат - еңбек қабілетінен айрылу, асыраушысынан айрылу немесе жұмыстан шығып қалу тәрізді әлеуметтік қауіп-қатерлердің туындауы салдарынан құралақан қалған кірістің бір бөлігін қайтарып беруге саяды. Халықты әлеуметтік қорғау тұжырымдамасына сәйкес, әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі реформалаудың маңызды аспектілерінің бірі әлеуметтік қатер туындаған жағдайда үш деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесін енгізу болып табылады.
Тұжырымдама бойынша жобасы жасалған "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" заң әлеуметтік тәуекел жағдайы туындағанда қызметкерлер үшін қосымша қорғаныс жүйесін құруға бағытталады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс берушілердің әлеуметтік сақтандыру жөніндегі мемлекеттік қорға қызметкерлер үшін ай сайын аударып отыратын төлемі есебінен құралады. Аталмыш төлем мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу обьектісінің 2005-жылы 1,5 , 2006-жылы 2, 2007-жылы 3 процентін құрайды. Жарна әлеуметтік салық ставкасын төмендету есебінен жүзеге асырылатындықтан, аударымның бұл түрі жұмыс беруші үшін қосымша ауыртпалыққа айналмайды. Әлеуметтік сақтандыру жүйесі басқаруға бірқатар мекемелері, соның ішінде ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, қаржы министрлігі мен Ұлттық банк қатысады.