Елорда тұрғындарының кешелі бері естері шығып жатыр. Нан қымбаттады дегенді естіген жұрт жапа-тармағай дүкен жағалап кеткен. Бір түннің ішінде наубайханалар ас атасын бақандай 15 теңгеге қымбаттатқан. Бұл жаңалық қарапайым тұтынушылардың наразылығын тудырды.
Жұртпен бір нанды бөліп жемесе де, бағаның осынша шарықтауы депутаттарға ұнай қоймады. Олар мұның бәрін монополист мекемелерге сөзі өтпеген мемлекеттік органның шалағайлығынан деп санайды.
Жамбыл Ахметбеков, Мәжіліс депутаты:
- Нан бағасының көтерілуі бізге түсініксіз. Қазіргі кезде біз нан дайындайтын бидай өңдейтін ел болған соң кәсіпкерлер нан бағасын, нан өнімдерінің бағасын ұстап тұруға мүмкіншіліктер бар. Белгісіз бір себептермен көтеруі монополияға қарсы агенттіктің ісі деп ойлаймын.
Ал монополист мекеме өкідері болса жұрт қанша шырылдаса да мұндай шешімді ойланып қабылдадық дейді. Өйткені, айналада бәрі қымбаттаған, ал 6 жылдан бері нан сол бағасынан еш өзгермепті.
Илья Мещеряков, нан шығаратын зауыттың өкілі:
- Айналада бәрі қымбаттап жатыр.Жанар-жағармай, тіпті кейбір өңірде жол ақысына дейін көтерілді. Бағаны көтеруге ұн мен астық бағасының өсуі себеп болды. Ал, біз 2008-інші жылдан бері бағаны тұрақты сақтап келдік. Жұрт бізді дұрыс түсінеді деп ойлаймыз.
Айта өтейік, нан бағасы бұл аптада тек Астана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де біртіндеп көтеріліп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірге бағаны көтермеу туралы келісімге қол қойса да жеке кәсіпкерлер олардың сөзіне пысқырып та қарамаған.