Астанада он шақты пәтерді тонаған қарағандылықтар құрықталды

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, пәтерлерге есігін бұзбай, сәйкес келетін кілт арқылы ашып кіруге дағдыланған әккі ұрылар кезекті қылмыс үстінде қолға түсіпті.

«Астанада тұрып жатқан күдіктілер еш жерде жұмыс істемейтін болып шықты. Биылғы жылдың мамыр айынан бері олар оннан астам пәтерді тонаған», - делінген хабарламада.

Олар жалдап тұрып жатқан пәтерді тінту барысында қолғаптар, кез-келген құлыпты ашатын қайқы кілттер жиынтығы мен ұрланған заттардың бір бөлігі табылды. Өздерінің айтуынша, ұрылар тапқан «олжаны» базарлар мен ломбардтарға өткізіп отырған. Криминалды полиция қызметкерлері ломбардқа тапсырылған заттай айғақтарды тәркіледі.

Күдіктілер изоляторға тоғытылып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.