Тыңдауда ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақова "Өндірістік және тұтыным қалдықтарына қатысты проблемалар мен оларды шешу жолдары" деген тақырыпта, ал ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник "Жылу-энергетика саласындағы өндірістік қалдықтар : проблемалар мен оларды шешу жолдары" деген тақырыпта баяндама жасайды деп күтілуде.
Қазіргі жағдаймен, алдын-ала мәлімет бойынша елімізде 22 млрд. тоннадан астам қалдықтар жиналып отыр. Жыл сайын 20 млн. текше метрге дейін тұрмыстық, 1 млрд. тоннаға дейін өндірістік қалдықтар түзіледі екен. Олардың 150 млн. тоннасы улы қалдықтар.
2003-жылы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі облыстық аумақтық басқармалар табиғат қорғау заңнамаларының орындалуына бақылау қою мақсатымен 3769 тексеру жүргізіп, нәтижесінде қолданыстағы заңдарды бұзу оқиғасы 5658 мәрте тіркелген. Заң бұзушыларға жалпы көлемі 8 млн. теңгені құрайтын 1012 айыппұл салынды. Сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалар тарапынан қоршаған ортаға келтірген залал-зардаптың орнын толтыру үшін 67 млн. теңгенің 234 ескертуі беріліп, 6 нысан жұмысы тоқтатылып, 55 іс құқық қорғау мекемелеріне тапсырылды.