Концерт Open Air "Астана Арена" алдындағы алаңда сағат 20:00-де басталған, алайда көрермендер одан ерте келіп алған. Орын алған адам кептелісі көтеріңкі көңілді су сепкендей басты.
Кейбір зардап шеккен адамдарды жедел жәрдем қызметі ессіз күйінде алып кетіп жатты. Алаңда шашылып жатқан аяқ киімдер көзге шалынады, құқық қорғау органдарының қызметкерлері сабырлыққа шақырған өтінішін елемегендер де болды. Today.kz тілшісі зардап шеккен бір қызбен сұхбаттасқан.
"Басында барлығы тыныш болатын. Біз таршылықтан сескене бастадық , алайда мынадай болады деп ойламадық. Адамдар бірін бірі итере бастады, айқайлап, бірін-бірі таптай бастады. Басымнан ауыр жарақат алдым, аяғымды да зақымдап алдым. Халім нашар болып тұр",- дейді бойжеткен.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша болған оқиғаға көрермендердің өзі кінәлі.
"Мынадай жағдайлардан абай болу үшін, қауіпсіздік шараларын толығымен орындаған дұрыс. Бізде бәрі керісінше. Адамдар соңы не болады деп ойламайды, барлығы жұлдыздарға жақын болу үшін сахнаға жақындай бастады. Міне қорытындысы!" - дейді дәрігерлердің бірі.
Соған қарамастан кезекші бөлімнің хабарлауынша, қоғамдық тәртіпті бұзғандар болған жоқ.