Астанада оқитын ауған студенті Назарбаевтан көмек сұрады

Ауғанстаннан келген студент Хафиз Хан бейнеүндеу арқылы Нұрсұлтан Назарбаевқа жүгініп, елдегі соғысты тоқтатуға көмектесуді өтінді, деп хабарлайды Sputnik. 

"Мен ауған соғысында аман қалдым. Әкемнің көз жасын көрдім. Өте қорқынышты. Қарындасымды мектепке жіберуге қорқамыз, себебі оралмауы мүмкін. Бірақ мен кек алғым келмейді. Мен тынышталдым. Қазақстанда жақсы білім алып жатырмын. Мені түрлі ұлт өкілдерімен бейбіт өмір сүруге үйретті, Ауғанстан халқы да осылай өмір сүруі керектігін түсіндім", — дейді Хан. 

Жас жігіт АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан Ауғанстандағы жағдайды реттеуге көмектесуді сұрады. 

"Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев, сіз – әлемдік ауқымдағы көшбасшысыз. Көптеген жанжалды шешуде талай рет бітімгер болдыңыз. Қазір бәрі Астанада өткен Сирия бойынша келіссөздер нәтижесін көріп отыр. Таяуда жаңалықтардан сіздің Дональд Трамппен кездесетініңізді естідім. Нұрсұлтан Әбішұлы, сізден оған менің сөздерімді жеткізуді және Қазақстанда бейбіт диалог бастауды өтінемін", — деді студент. 


Сондай-ақ, Хафиз Хан жастарды өзі ұйымдастырған "Жастар бейбітшілік үшін" флешмобын қолдауға шақырды.