Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты - қазақтың ауыз әдебиетіндегі ұлттық рухани мұра болып табылатын эпостық жырлар мен халық арасында кең тараған дәстүрлі қиссаларды жатқа айту арқылы ұлтымыздың жыраулық жадын жаңғырту, ана тіліміздің байлығын, оралымдары мен бейнелі көркем тіркестерін эпостық жырлар мен қиссалардағы оқиғалық суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі арқылы ұлтымыздың бай рухани қазынасын жас ұрпақ бойына сіңіру.
Қазақ эпосының ежелгі фольклорлық дәстүрлері өскелең ұрпақтың арасында әлдеқашан ұмытылғандай болып көрінген тұста осындай жыршылар байқауының өткізілуі елордалық тұрғындардың жүрегіне шексіз қуаныш сыйлағаны сөзсіз. Бұны толы залдың қошаметінен де байқау қиын емес еді. Олар жас жыршыларды тыңдай отырып, байырғы дәстүрдің ұмыт болмағанын, оның халық жүрегінің тереңінде сақталып келіп, қазіргі таңда қанат жайып отырғандығын ұғынғандай болды.
Бүгінгі кеште жырды мақамына келтіріп, көздің қуанышын келтіретін байқаудың іріктеу сәтінен сүрінбей өткен елорда мектептерінің 9 оқушысы өз өнерін ортаға салады.
Үміткерлер қазақ халқының дәстүрлі орындаушылық өнеріне сай, XV-XIX ғасырлардағы қазақ ақын-жазушыларының шығармаларынан, батырлар жыры және лиро-эпостық жырлардың біреуін таңдап, жырлау мақамымен жатқа айтып беруі шарт.
Байқауда Қазақстанның белді мәдениет, өнер қайраткерлері, атап айтқанда қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанқазы, Астанадағы мемлекеттік филармонияның бөлім бастығы, мәдениет қайраткері, сазгер Қайыржан Маханов, Өнер ұлттық университетінің жыр-терме класының аға оқутышысы Иса Ерікбай бас қазылық жасауда.