15 желтоқсанға дейін жалғасатын онкүндік аясында көрермендер назарына «Бәйтерек», «Жиде. Кешіккен махаббат», «Серпін», «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Ликвидатор», «Біржан сал», «Жерұйық», «А-ға» оралу», «Балалық шағымның аспаны» фильмдері ұсынылады.
Әр көрсетілімнің алдында картиналардың авторлары және шығармашылық топпен кездесулер ұйымдастырылады.
Онкүндіктің алғашқы көрсетіліміне Асанәлі Әшімов, Нұржұман Ықтымбаев, Гүлнәр Досматова, Әсел Сағатова сынды Қазақстанның майталман әртістері қатысты.
«Тәуелсіздіктің екі онжылдығында біздің еліміз тамаша табыстарға қол жеткізді. Тек қана мемлекетіміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік дамуына ғана емес, мәдениетіміздің зор қуатпен өрлеуіне куә болдық. Соның ішінде кино өнері саласы да қадамын нықтап алды. Тек 2010-2011 жылдары Қазақстанда 38 отандық кинотуынды түсірілді», - дейді ҚР Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева.
«Бұл онкүндікті біз "Бәйтерек" деген фильммен ашып отырмыз. Өйткені Бәйтерек - ел өрлеуінің символы, елордамыздың символы», - деп атап өтті ол.
Онкүндік Елбасы Н.Назарбаевтың балалық шағы туралы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» атты фильммен тәмамдалмақ.
«Қазақфильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаевтың айтуынша, соңғы жылдары көрермендердің қазақ киносына деген қызығушылығы артқан. Бүгінде көрермендер саны бұрынғы уақыттармен салыстырғанда 5 есеге дейін артып, саны 1 миллионнан асып отыр.
«Бұл біз үшін үлкен жетістік. Себебін, біз киноны халық үшін түсіреміз. Қазақ киносының онкүндігінде тәуелсіздік тұсында көрермендер алдында есеп беруіміз деп есептейміз. Жалпы қазақ киносының өрлеуі, даму мәселелерінің барлығы Елбасы қолдауының арқасы деп ойлаймын», - деді Е. Аманшаев.
Барлық фильмдерге кіру тегін.