Астанада «Отбасы - алтын діңгек» атты республикалық байқау өтіп жатыр

Байқау Қазақстан халқы тілдерінің ХІІ фестивалі аясында ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен өтуде.

Оған еліміздің әрбір өңірінен келген бұған дейін қалалық, облыстық деңгейлерде өткен байқаулардың жеңімпаз отбасылары қатысуда. Барлығы - 15 жанұя.

Дәстүрлі шараның мақсаты - ұлттық салт-дәстүрді, қазақи тәрбиені бойына сіңірген, балалары қазақ мектептерінде оқитын, бірнеше тілді меңгерген, өнерлі, өнегелі отбасыларды қолдау, олардың тәрбие үлгісін дәріптеу және насихаттау.

«Біз мемлекеттік тіл мәселесін неге отбасымен байланыстырып алдық? Өйткені, «отбасы - шағын мемлекет», деген қалыптасқан ұғым бар. Егер біз отбасын шағын мемлекет дейтін болсақ, ол отбасының мемлекеттік тілі қазақ тілі болуы керек. Әр отбасының иесі өзінің шаңырағында мемлекеттік тілдің сақталуына жауап беруі керек. Біз қазақстандағы әрбір жанұяда мемлекеттік тілді отбасы тілі ретінде қалыптастыруымыз қажет. Себебі, барлық тәрбие отбасынан басталады», - деді Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров.

Байқау үш кезеңмен өтуде. Бірінші - отбасын таныстыру, екіншісі - «Ұяда не көрсең...» атты үй тапсырмасы. Яғни қатысушылар, белгілі бір ортада қаза тілін, мәдениетін, тарихын насихаттау сәттерінен алдын ала дайындалған бейне роликтерді, отбасы жайлы альбомдарды назарға ұсынады. Үшінші сайыста командалар өздерінің өнерлерін ортаға салуы тиіс.

Қазылар алқасына «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев төрағалық етуде.

Жеңімпаздар дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.