Астанада өткен айтыста бас жүлдені Ринат Зайытов қанжығалады


«Көшпенділер өркениеті» фестивалі аясында ұйымдастырылған «Бөрілі байрақ» атты республикалық ақындар айтысы болды. 

Айтыс «Хан шатыр» ойын-сауық орталығының маңындаға этноауыл алаңында өтті. Сөз сайысында республика бойынша 16 айтыскер бақ сынады.
Жыр жарысына елорда атынан Серікзат Дүйсенғазы, Ботагөз Мұхиденқызы, Иран-Ғайып Күзембаев, Бек Шмат, Данияр Алдабергенов қатысты, деп хабарлайды kazaitys.kz.
Сондай-ақ өңірлерден келген көпшілікке кеңінен танымал Айбек Қалиев (Арқалық), Бауыржан Халиолла (Орал), Жарқынбек Наушабеков (ОҚО), Ринат Зайытов (Алматы), Зура Шәйдімұратқызы (Алматы), Қалижан Білдәшев (Шымкент), Ершат Қайболдинмен (Ақтөбе) қатар, айтыс сахнасына жаңадан көтеріліп келе жатқан Хазірет Бердіхан (Алматы облысы), Шұғайып Сезімхан (Түркістан), Саят Әбенов (Қостанай), Дархан Әбдіманат (Тараз) тәрізді айтыс жүйріктері өнер көрсетті.
Дүбірлі доданың қорытындысы бойынша бәйгенің бас жүлдесі танымал айтыскер Ринат Зайытовқа бұйырды. Ақынға 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етілді. 
Ал бірінші орынды астаналық ақын Иранғайып Күзембаев иеленді. 
Екінші орынды шымкенттік Қалижан Білдашев пен Арқалықтан келген Айбек Қалиев, үшінші орынды Серікзат Дүйсенғазы мен Ершат Қайболдин өз қанжығаларына байлады.