Астанада өткен тəулікте жауған жауын-шашын мөлшері айлық нормаға сəйкес


"Қазгидрометтің" болжамынша, қалада бір тəулікте 38,5 мм жауын жауған. Бұл бір айлық нормаға сай, делінген қала əкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Алдағы үш тəулікте елордада күн құбылмалы болады. Өткінші жауын жауып, күн күркірейді.
"Кешегі нөсер жауынды қалыптан тыс жағдай деуге болады. Жауған жауын мөлшері нормадан əлдеқайда көп. Синоптиктердің болжамынша, мұндай ахуал жақын күндері тағы қайталануы мүмкін. Сондықтан тұрақты кезекшілік ұйымдастырып, техниканы мобилизациялау қажет. Су шайып кеткен жерлерге сорғылар орнатылуы тиіс", - деді əкім Əділбек Жақсыбеков.
Коммуналдық мекемелер күшейтілген тəртіпте жұмыс істеп жатыр. Өткен тəулікте Астанада 10 мың текше метр су сорып алынды.