Парламент палаталарының бірлескен отырысына сенаттың 39 депутатынан 36-сы, мәжілістің 77 депутатынан 74 адам қатысып отыр. Отырысты ашқан мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай "қажетті кворум қалыптасты",- деп хабарлады.
Сондай-ақ, бірлескен отырысқа ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов пен үкімет кабинетінің мүшелері, президент әкімшілігі пен парламент аппаратының жауапты қызметкерлері қатысуда.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылғы республикалық бюджеттің түсімі 862,2 млрд. теңгені, бюджет шығыны 954,8 млрд. теңгені, республикалық бюджеттің дефициті 92,7 млрд. теңгені , немесе Ішкі Жалпы Өнімнің 1,9 процентін құрайды деп жоспарланды.
2004-жылы Ішкі Жалпы Өнім 4,877 трлн. теңге көлемінде болжанып отыр.
Бюджеттік жүйе туралы заңға сәйкес, 2004-жылғы республикалық бюджет туралы заң жобасына қатысты шешім парламент палаталарының бірлескен отырысында кем дегенде екі оқылымда қабылдануы тиіс. Жоба қабылданатын ақырғы мерзім 2003-жылғы 15-қарашасы деп белгіленген.
Парламент палаталарының бірлескен отырысы одан әрі жалғасуда.