Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

Отырысқа сенаттың 36, мәжілістің 64 депутаты қатысып отыр. “Қажетті кворум қалыптасты”, деді отырысты ашқан мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов.

Бірлескен отырыстың күн тәртібіне сегіз мәселе қамтылған. Атап айтсақ, депутаттар “Сайлау туралы“ конституциялық заң мен “Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы” конституциялық заңға енгізілетін түзетулерді қарайтын мерзімді айқындауға тиіс.

Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов депутаттар алдында “Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылық ахуалы туралы” баяндама жасайды.

Сонымен бірге парламентшілер үкімет пен есеп комитетінің 2005-жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебі мен “2006-жылға арналған республикалық бюджет туралы” заңға енгізілетін өзгерістерді алғашқы оқылымда қарайды.