Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ата заңына сәйкес парламенттен Ұлттық банк төрағасына Әнуар Сәйденовты тағайындауға келісім беруді сұраған болатын.
Ә.Сәйденов 1960-жылы туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университеті мен Лондон университетін бітірді, мамандығы- экономист.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің кеңесшісі және банкирі болып істеді. ҚР инвестиция жөніндегі мемлекеттік комитеті мен Агенттігін басқарды. 1999-2000-жылдарда ҚР қаржы министрінің орынбасары қызметін атқарды. 2000-2002-жылдарда Қазақстан Халық банкінің басқармалары төрағасы және "Эксимбанк Қазақстан" банкінің директорлары кеңесінің төрағасы болды. Ә.Сәйденов ҚР Ұлтық банкі төрағасының орынбасары лауазымына екі мәрте иемденді. Алғаш рет бұл қызметке 1996-жылы тағайындалып оны 1998-жылға дейін атқарды. Ә.Сәйденов ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары болып 2002-жылы қайтадан тағайындалды.
Парламент палаталарының бүгінгі бірлескен отырысына мәжілістің 70, сенаттың 37 депутаты қатысып отыр. Парламент палаталарының бірлескен отырысын ашқан мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай "отырысты өткізуге қажетті кворум қалыптасты",- деп мәлімдеді.
Қазір отырыс жұмысы одан әрі жалғасуда. Отырыстың күн тәртібіне қойылған екінші маңызды мәселе, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" заңына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бірінші оқылымда қарау болып табылады.