Астанада парламент сенатының төрағасы Сауд Арабиясы Корольдігінің ханзадасымен кездесті

Құрметті мейманға ел басшылығының сәлемін жеткізген сенат спикерінің айтуынша, "екі мемлекет арасында екі жақты қарым-қатынастың көптеген салалары бойынша етене жақын байланыстар орнады. Екі елдің мемлекет басшылары арасындағы жоғары деңгейдегі саяси түсіністік пен жақсы дамыған заңнамалық база екі және көп жақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдетуге негіз болып отыр". "Бұл тұрғыда екі ел арасындағы мұнай және газ өнеркәсібі, құрылыс және телекоммуникация саласындағы табысты ынтымақтастықтың маңызы зор",- деді Н.Әбіқаев.

Сондай-ақ, өз сөзінде сенат төрағасы Сауд Арабиясы өкіліне Астана қаласын салуға қаржылық қолдау көрсеткені, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған жобаларды жүзеге асыруға гранттар мен жеңілдетілген несиелер бөлгені, соның ішінде, ҚР парламенті сенатының ғимаратын салуға грант арнағаны үшін ризашылық білдірді.
Өз кезегінде ханзада : "өзінің бұл жолғы Қазақстан сапары екі ел арасындағы достық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанының нақты айғағы екенін" атап көрсетті. Ол сондай-ақ, өзімен бірге кәсіпкерлер мен мамандардың үлкен тобы келгенін, олар қазақстандық әріптестерімен кездесу барысында алдағы уқытта инвестиция көлемін арттыру мүмкіндіктерін айқындайтынын хабарлады.
Атап айтсақ, олар Ақтау айлағын дамытуға байланысты құрылыс жұмыстарын қаржыландыруға қызығушылық танытуда.
"Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасының қарыштап даму қуанышына ортақтаса отырып, осы бағытта жан-жақты қолдау көрсетуге, екі ел арасындағы іскерлік байланыстар аясын одан әрі кеңейтуге әзірміз",- деді Сауд Арабиясы ханзадасы.
Сондай-ақ, пікір алмасу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа қатысты көптеген мәселелер төңірегінде сөз қозғады.