Астанада полицей өміріне қауіп төнгеніне қарамастан іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады (ВИДЕО)

Полицияның аға сержанты Бағлан Қарымбаев шамамен 17.00-де «Lada Kalina» маркалы автомобильді тоқтатты. Оның жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, жолда жүру ережесін бұзды.

Құжаттарды тексеру кезінде жүргізуші көлікпен ізін суытпақ болған.   Полицияның аға сержанты Б. Қарымбаев орнынан қозғалған көліктің рөліне жармасып, жүргізушіні тоқтатпақ болған. Жүргізуші жылдамдықты бәсеңдетпей, полицеймен келесі көше қиылысына дейін жетті. Өміріне төнген қауіпке, алынған дене жарақаттарына қарамастан, тәртіп сақшысы заң бұзушыны тоқтатты.

Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің мас болғаны анықталды. Ұсталған 38 жастағы Қостанай облысының тұрғыны бұрын сотталған және Қызылорда облысында жасаған қылмысы үшін іздеуде жүргені анықталды.


Ұсталушы сот санкциясымен қамауға алынды. ҚР ҚК 380-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полицияның аға сержанты Бағлан Қарымбаев  медициналық мекемеге жеткізілді.